VOX POPULI Алёна Мирошниченко 22 ноября, 2019 17:00

Алматы барахолкасы: Не? Қайда? Бағасы қанша?

Алматы барахолкасы: Не? Қайда? Бағасы қанша?
Фото: Ринна Ли
Арзанырақ зат сатып алу үшін темір контейнерлері тізілген осы базарға аяқ баспаған алматылық (тіпті қазақстандық) жоқ шығар? Қыста картонның үстінде тұрып аяқ киімді шақтап көрген немесе суық контейнерде перденің артында джинсы киіп көрген сәттер әлі есіңізде болар. Барахолканы аралап, соңғы 10 жылда не өзгергенін қарап көрейік.

Алматының барахолкасындағы бағалар — бүкіл Қазақстан бойынша ең төмен болып саналады, сондықтан өңірлерден көтерме саудагерлер зат сатып алу үшін әрдайым осында келетін. Мыңдаған бутиктер, контейнерлер, жайма сөрелер және жан-жақтан келген тауарлар (Қытай, Түркия, Араб Эмираттары, Үндістан, Польша, Корея, Ресей, Өзбекстан және т. б.) осы күнге дейін талай адамның қаражат табу көзі болып саналады.

Бұл жердің тарихына біраз шолу жасасақ - барахолка базарлары бірнеше рет өртке оранған!

Қала билігі бұған сатушылардың өздерін кінәлады, олардың селқостығы өртке себеп болған деді.

Бәрі 2011 жылы басталды, ол кезде бұрынғы әкім Ахметжан Есімов барлық базарларды бұзып, олардың орнында үлкен сауда орнын салуға өкім етті. Бұл — сауда нүктелері иелерінің жаппай наразылығын тудырды.

Қарсыласқан адамдарға қарамастан, 2014 жылы қала билігі барахолканың құрамына кірген 30 шақты базарды бұзып, жол айырығын салды, жолды кеңейтті, жолаушыларға арналған жерүсті көпірлерін, көлік қоятын орындар салды.

Тұраққа көлік қоюдың құны 300 теңге.

Әсіресе мереке алдындағы күндері бірнеше сағат бойы ұстап тұратын барахолкадағы кептелістер артта қалды. Жол арқылы, бетон алқалар арқылы ерсілі-қарсылы өтетін, тең артқан «арбашылар» мен саудагерлер де жоқ.

Қазір, өртенген базарлардың орнында сауда үйлері бой көтерген. Әр сауда үйінде банкоматтар, төлем терминалдары, тынығу аймақтары, эскалаторлар, сусындар сататын аппараттар, кафелер, фудкорттар, сұлулық салондары, химиялық тазалау орындары, ательелер бар. Сондай-ақ банктер мен Қазпошта бөлімшелерін, намаз оқуға арналған бөлмелерді табуға болады. Ал тазалық пен қауіпсіздікті — жиыстыру жөніндегі операторлар мен секьюрити қадағалайды.

Базарлардың атауы да өзгерді. «Әл-Фараби» базары енді «Байсат» деп аталады. «Болашақ» пен «Құлагер» енді жоқ. Олардың орнына «Ақ бұлақ» бар.

Барахолка аралауды «Адем-1» сауда үйінен бастайық. 2015 жылғы өрт пен қайта құрудан кейін оның көрінісі мынадай. Ондағы сауда нүктелерінің көп бөлігі өз иесін әлі тапқан жоқ. 

Адам аз жүретін «Адем-1» сауда үйінде не сатып алуға болады екен, қарап көрейік:

Кешкі көйлектер — сатушының айтуынша, «фабричный Пекин» — құны 35 000 теңгеден басталады.

— Егер сатып алмайтын болсаңыздар, қолмен ұстамаңыздар, — деп ескертті бізге, сөренің арғы жағында тұрған қыз.

Қытай мен Украинадан келген қалыңдық көйлектері 70 000 теңгеден 1 000 000 теңгеге дейінгі бағамен ұсынылуда. Айтпақшы, миллион теңге тұратын көйлектің дәл осындай інжу моншақтармен және жапсырмалы моншақтармен кестеленген  басқа көйлектерден ерекшелігі — сүйретпе етегінің болуында екен.

VOX: Ал қайсысының сапасы жақсырақ, Қытай ма, жоқ әлде Украина ма?

— Қытайың да, Украинаң да бірдей: егер бағасы қымбат болса, демек, сапасы да жақсы деген сөз, — деп жауап берді сатушы.

Әйелдерге арналған мамық шапан 25 000 теңгеден басталады.

Ерлерге арналған классикалық костюмдердің бағасы — 35 000 теңгеден 200 000 теңгеге дейін. Мұндағы сатушылар саудаласуға құлық танытпайды: олардың айтуынша, мұндағы бағалар бекітілген, ал егер арзанырақ бағаға тапқыңыз келсе, басқа сауда үйлерін аралауға тура келеді.

«Аякөз» кеңсе тауарлары базары барахолканың төменгі жағынан «Адем-2» сауда үйінің жертөлесіне көшкен. Мектепке арналған тауарлармен қатар, мұнда барлығын дерлік сатып алуға болады: көркем әдебиет, иыққаптар — бағасы 2 000 теңгеден 18 000 теңгеге дейін.

Мұнда мектеп киімін де сатып алуға болады. Әйгілі қазақстандық өндіруші ұлдарға арналған үштік костюмді 21 500 теңгеден 24 500 теңгеге дейінгі бағамен ұсынады. Қыздарға арналған жиынтық 26 500 теңгеден 31 500 теңгеге дейін жетеді.

Түркияда тігілген ұлдардың үштік костюмі 19 000 теңгеден 25 000 теңгеге дейін, ал қыздарға арналған «төрттік» — өлшеміне қарай 26 500 теңгеден 32 000 теңгеге дейін тұрады.

Көйлектер мен жейделер 2 000 теңгеден 6 000 теңгеге дейінгі бағамен сатылуда.

«Адем-3» сауда үйінің 2-ші және 3-ші қабаттарында нағыз балалар әлемі орналасқан. Балаларға арналған киім мен кез-келген нәрсені осында сатып алуға болады.

Әрі қарай кеттік.

— Қыздар, бізге кіріңдер! Кілемдер, ұзын төсеніштер, алашалар… Жақсы жеңілдік болады. Жеткізіп береміз, — деп шақырады «Байсат» базары бойымен тізілген контейнерлердегі кілем бұйымдарының сатушылары.

Мұнда кілем сату кәсібімен ер адамдар айналысады.

VOX: Ал сіздің тауарыңыз қайдан келген?

— Барлығы Түркиядан. Таза синтетика бар, көлемі 3×4 метр кілем 30 000 теңге тұрады. Акрил бар, кейбіреулер оны жібек деп алдайды, ол 40 000 теңгеден басталады. Жүн аралас кілемдер — 50 000 теңгеден басталады. Таза жүннен тоқылған кілем қымбатырақ, дәл сондай өлшемі — 120 000 теңге. Көлемі 3×4 метр кашемир алаша — 150 000 теңге.

Синтетикадан жасалған кілем төсеніштердің сатылу бағасы — метрі  2 500 теңгеден басталады. Жүннен тоқылған кілем төсеніштер — метрі 8 00010 000 теңге.

Көлемі 1,5×2,3 метр кашемир алашалар — 35 000 теңге. Дәл осындай паластар «Армада» сауда үйінде — 60 000 теңге.

«Байсат» (бұрынғы «Әл-Фараби») кешенінің сауда қатарлары бойымен ақ көйлекті манекендер қаптаған қалыңдықтар секілді тізіліп тұр — бұл кешен ашылған күнінен бастап той базары деп есептелді. Қазір оның сауда нүктелерінің басым көпшілігін той бутиктері құрайды.

Некеқияр көйлектердің бағасы 50 000 тенгеден басталады. Әрине, жаппай сатылымда арзанырақ табуға да болады.

Көйлектердің бағасы әртүрлі: 70 000150 000350 000 теңге… Жалпы, мұндағы бағалар талғамыңыз бен қалтаңызға қарай. Өндірушілер сол баяғы: Қытай, Украина.

Қалыңдыққа арналған туфли 12 000 теңге тұрады.

Қазақтың ұлттық үйлену киімі, бас киімімен бірге – 40 000 теңгеден 150 000 теңгеге дейін.

Бірақ той тауарларын сатушылардың жүзінен жылы шырайлылық байқалмайды: дөрекі түрде, тәкаппарлықпен жауап береді, «Неге сұрайсың? Бәрібір сатып алмайсың ғой!» деген кейіпте.

Бұрын «Ялянда» болған әйгілі қытайлық өнімдер дүкені қазір «Байсатқа» көшкен. Оны ғимараттың артқы шетжағынан табуға болады.

«Байсатта» көтерме-бөлшек ойыншық базары бар. Мұндағы бағалар «Адеммен» салыстырғанда біршама төмен. Салыстырар болсақ: «Адемде» 5 000 теңге тұратын қуыршақтың бағасы «Байсатта» — 3 000. Сондықтан, артық төлеуге асықпаңыз.

Қытайдан келген ең үлкен Lego жиынтығы 22 000 теңге тұрады. Көлемі кішірек жиынтықтар — 10 00015 000 теңге.

«Байсаттың» бірнеше қатарын ыдыс-аяқ жайлаған. Мұнда асүйге арналған заттардың барлығын дерлік сатып алуға болады, соның ішінде кафелер мен мейрамханаларға арналған ыдыс-аяқ пен кәсіби жадықтарды қоса алғанда.

Төсек-орын жабдығы мен үйге арналған тоқыма матаны да «Байсат» базарынан қымбат емес бағаға сатып алуға болады.

«Ялян» сауда кешені электртехникаға, автомобиль керек-жарақтарын арзан бағаларымен танымал. Мысалы, үлкен адамға арналған ең қымбат гироскутер 38 000 теңге, балаларға арналған гироскутер — 25 000 теңге тұрады.

Қазір қаламызда электрсамокаттар кеңінен тараған. Олардың құны «Ялянда» 80 000 теңгеден 200 000 теңгеге дейін.

Диагоналі 165 см қытайлық теледидардың бағасы — 310 000 теңге. Сатушы оған 3 жыл кепілдік береді.

Бұл жерден музыкалық аспаптарды, жарықтандыру және дыбыс жаңғырту жабдықтарын, акустикалық жүйелерді сатып алуға болады.

Сұлулық салондарына арналған бұйымдардың барлығы сатылатын бутиктердің тұтас бір қатары бар: құрал-саймандар, лактар, бояулар, сәндік косметика, түксіздендіруге арналған заттар және көптеген басқа заттар сатылады.

Ал мынау — әшекейлер жасаумен айналысатындар үшін нағыз клондайк. «Ялянның» екінші қабатында табиғи тастар, бижутерия өндіруге арналған ұсақ-түйектер мен бүкіл ілеспе тауарлар бар. Бағасы қаладағы дүкендермен салыстырғанда екі есе арзан, сондай-ақ кең таңдауы бар.

«Рахат» базары жаңартуға ұзақ қарсыласты. Көршілес базарлардың қасбеттері сәнделіп, жаңа сауда үйлері салынғанымен, «Рахатта» барлығы 20 жыл бұрынғы күйінде қалған: темір контейнерлер мен жайма сөрелер, тіпті сатушылары да ауыспаған.

Қазір «Рахаттың» қақ ортасында тағы бір «Ялян» салынуда, бұрынғы «Рахаттан» шағын бөлігі ғана қалған.

Жолдан алыс орналасқан қатарларға туризм, аңшылық, балық аулау әуесқойлары көп келеді. Қалтаңыздың қалыңдығына қарай, мұнда белсенді демалысқа арналған заттардың барлығын сатып алуға болады. Шатырлардың, төсеніштердің, қармақтардың, төсекқаптардың және басқа да тауарлардың бағалары — қала бойынша ең төмен. Мысалы, әжептеуір екі бөлмелі шатыр 50 000 теңге тұрады, ал спорттық дүкенде дәл осындай шатырдың бағасы 150 000 теңге.

Бесік арбаларды, манеждерді, жүріс арбаларын, тамақтандыруға арналған үстелшелерді және көптеген басқа нәрселерді бір жерде – «Батыр» базарында сатып алуға болады. Қытайда жасалған қысқы арбалардың бағасы — 20 000 теңге. Польшадан келген арба 200 000 теңгеге қымбатырақ.

Мұнда тиімді бағаға велосипедтер табуға болады.

Ерлер велосипеді 27 000 теңге, әйелдер велосипеді — 32 000 теңге, балалар велосипеді — 30 000 теңге.

Айтпақшы, маусымның аяқталуына байланысты, қазіргі таңда қаламызда кеңінен тараған екі дөңгелекті көліктің бағалары да түсуде.

Қала билігі күрес жүргізіп жатқан көше саудасы барахолкада қайнап тұр, жерүсті өтпелері арзан тауарлар сатылатын сауда қатарларына айналған — демек, оған да сұраныс бар деген сөз.

Біз «Алатау» базарында тұрмыз, халық арасында ол «европейка» деп аталып кеткен. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары темірден жасалған жайма сөрелері бар шағын алаңқай болған барахолканың тарихы осы жерден басталды. Ол жерде киілген киім сатылатын, сондай-ақ алыпсатарлардан сол кезде тапшы болған джинсы, кроссовкалар, косметика, күйтабақтар сатып алуға болатын.

Қазіргі таңда «Алатау» — үш сауда үйінен тұрады. Мұнда бұрынғыша әйелдерге, ерлерге және балаларға арналған киім мен аяқ киімнің, үйге арналған тоқыма матаның, тондардың, сөмкелердің, спорттық тауарлардың, тұрмыстық техниканың кең сұрыпталымы бар.

Бұл базар неліктен «европейка» деп аталады дейсіз ғой? Мұндағы тауарлар Еуропадан ғана әкелінеді деген пікір қалыптасқан. Әйтсе де, кейбір сатушылар «еуропалық заттарды» жолдың арғы бетінде орналасқан көршілес базарлардан алып келеді.

Алтын немесе күміс әшекейлер іздеп жүрсіз бе? Олай болса, сізге мұнда келу керек. Зергерлік базар «Алатау-1» ғимаратының 2-ші блогының бүкіл екінші қабатын жайлаған.

1 грамм алтынның бағасы 13 000 теңгеден басталады.

Перделерді, тюльді, пердешелерді және оларға арналған ұсақ-түйектерді «Алатау-1» ғимаратының 1-ші блогының екінші қабатынан табасыз.

Маталар, тігін жабдығы, тігуге арналған ұсақ-түйектер үйреншікті жерінен көшпеген. Осындай заттардың барлығын сататын бутиктер «Алатау-3» ғимаратының екі қабатын жайлаған.

«Алатаудан» кейін, әртүрлі тауарлардың  үлкен таңдауын ұсынатын «Дәстүр» сауда үйі орналасқан. Мұнда жиһаз, аспашамдар, перделер, киім, ұсақ-түйектер және көптеген басқа заттар бар.

«Алмалы» аяқ киім орталығы. Мұнда Fabiani, Baldinini, Marc O’Polo секілді әйгілі брендтердің аяқ киімін сатып алуға болады, бірақ олар Қытайда жасалған. Кейбір сатушылар: «Фабрикалық Пекин, жасанды» деп шынын айтады.

«Барыс» базары 10 жыл бұрынғы күйінде қалған: бұзылған асфальт, қоғамдық әжетхананың иісі, «Жол, жол!» деп айқайлап соғып кететін, жүк артылған арбаларды итерген жүкшілер. Қытайдың арзан бағалы іш көйлектері, халаттары, теркөйлектері, шолақ дамбалдары ілінген дәл сол жасыл жайма сөрелер мен контейнерлер …

«Ақ бұлақ» базарында көтерме-бөлшек бағамен сөмкелер сатылатын қатар бар. Мұндағы сөмкелер, иыққаптар, жол сандықтар, портмоне басқа жермен салыстырғанда арзанырақ.

Аяқ киім сатылатын қатарлар да бұрынғы орнында қалған.

— Қарындас, кір! Не іздеп жүрсіңдер? Барлығы бар! Бағалары жақсы! Жеңілдік болады! — деп шақырады сатушылар. Мұндаығы бағалар «Адеммен» және «европейкамен» салыстырғанда расында төмен.

Әйгілі көтерме-бөлшек ойыншықтар қатары «Болашақтан» «Алатау-2» сауда кешеніне көшкен. Ойыншықтар мен балаларға арналған тауарлар мұнда 1--ші және 2-ші блоктардың жертөлесінде, бірінші және екінші қабатында сатылады.

Алматыда соңғы кездері дисконт дүкендері мен жаппай маркеттері бар сауда-ойын-сауық орталықтары (СОСО) көптеп ашылғанына қарамастан, Алматының барахолкасы әрі қарай кеңейіп, салынып жатыр. Тағы 10 жылдан кейін ол қандай болар екен?

Базардағы адамдардың өмірі туралы толығырақ мұнда оқысаңыз болады.


Бұл мақала "Vox Populi" ЖШС-нің интеллектуалды жеке меншігі болып саналады және Қазақстан Республикасының Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен корғалады. Егер мақаламыздың өз желілеріңізде жариялаймын десеңіз - Voxpopuli.kz ресми сайтымыздағы осы репортажға активті гиперсілтемені міндетті түрде қоюыңыз керек. Бұл заң талабы.  

Біздің барлық материалдарымызды редакциямыздың Telegram-дағы арнамыздан жедел түрде алуға болады: https://t.me/Voxpopulikz.

Поделись
Алёна Мирошниченко
Алёна Мирошниченко