VOX POPULI Sofia Kovryga 20 июня, 2015 09:00

Черногорияға саяхат: Подгорицаны аралау

Черногорияға саяхат: Подгорицаны аралау
Сәл аздан кейін-ақ демалыс маусымы басталады. Көптеген адамдар осы жазда қайда барып демалып, қандай саяхат жасау туралы ойлануда! Vox Populi сіздерге Черногория астанасы – Подгорицаға виртуалды саяхат жасауға шақырады. Европаның оңтүстігіндегі бұл шағын мемлекет саяхатшыларға өз есіктерін қуана-қуана ашады.

Подгорица – «тау етегіндегі» қала.  Черногорияның астанасы, халық саны 200 мың адам, бұл бүкіл елдегі халықтың үштен бір бөлігі. 1946 жылдан 1992 жылға дейін қаланың аты Титоград болған (маршал Иосиф Броз Титоның құрметіне), кейбір қарт адамдар Подгорицаны осы күнге дейін сол ескі атымен атайды.

Подгорицаға біз Бардан электр қуатымен жүретін пойызбен барамыз деп жоспарлағанбыз. Бірақ от арба астанаға бізге қарамай зымырап жүріп кетті. Бірақ біз көңілімізді түсірмей, сол маңайдан алыс емес жердегі автостанциға барып бағымызды сынап көруді жөн көрдік. Онда барсақ, жақын арадағы рейс жарты сағаттан кейін жүретін болды. Билеттер құны, әрине екі есе қымбат болды – 4 евро (от арбаға 2 евро), бірақ бұл бізді қатты мазаламағандықтан, біз билет сатып алдық.

Бар жоғы бір сағаттан кейін біз Черногорияның күншуақты әрі ыстық астанасына табан тіредік. Айтпақшы бұл елде кафе мен мейрамханалар  барлық жерде орын тепкен, мүмкін болған жерлердің барлығына ас ішетін столдар қойылған, жергілікті халық polako мұнда kafu-летеді екен (кофені асықпай тәулік бойы іше береді екен). Мен сіздерге айтар болсам Черногорияда барлығы polako екен, кейде тіпті соңы болмайды екен. Мұнда тіпті осы тақырып жөнінде анекдот та бар: «Назар аударыңыз, сіздің компьютеріңізге черногориялық вирус жұқты, бірақ уайымдамаңыз, ол тек отырады, ештеңе істемейді».

Жабық базар, сенбілік сауда бар қарқынымен жүріп жатыр. Айта кету керек Подгорица және басқа да көптеген қалалар тұрғындары таксиді қалалық көлік ретінде өте жиі қолданады. Жәй автобустар онша көп емес, ал трамвай және троллейбустар мұнда атымен жоқ.

Осындай ескі мерседес қалалық автобус бағыттарының бірінде жүреді.

Жабық базардың ар жағында Mall of Montenegro деген үлкен сауда орталығы болған. Подгорицада бар жоғы екі үлкен сауда орталықтары бар. Олардың іші барлық жердегі үлкен сауда орталықтарындағыдай, бір ғана өзгешілігі онда кафе мен дүкендер бір бірімен аралас орналасқан. Ішінде темекі тартуға рұқсат. Тіпті балалар бөлмесі мен балалар ойын алаңында да темекі тартыла береді екен! Бірақ жалпылай алғанда, балалар бөлмесі қуантады: қолжуғыш бар мұнда, сұйық сабын, бала жөргегін ауыстыратын орын, балалар ойыншықтары, қоқыс салғыш, айна, бала емізетін және демалатын орындар бар – бөлме өзі жарық, жайлы және әдемі.

Подгорицаның орталық қалалық саябағы.

Қала көшелерінде қоқыс тастайтын алаңдарда жиі сығандар немесе албаниялықтардың топтарын кездестіруге болады, олар металлолом мен басқа да қоқыстарды жинап жүреді. Олар қоқыс тергендеріне қарамастан көп жағдайда автокөлікпен немесе ат арбамен жүреді.

Қаланың жаңа көшелерінің бірі.

Морача деген өте жылдам тау өзені, бұл өзеннің суы мөлдір таза.

Өзен жағасында «Морача» спорт кешені орналасқан. Шындығын айтсақ, сырт көрінісіне қарағанда спорт кешені пайдаланудан қалған, қирап тұрған сияқты, бірақ, ішінара жұмыс істеп тұрғанға ұқсайды…

Мінеки мынандай өте сирек байқалатын Жук кездесіп қалды. Оның иесі фетишист екені анық: салон ішінде әртүрлі бұйымдар ілініп тұр, солардың ішінде баяғыда бақилық болған туған туыстарының көне суреттері, шағын иконалар, фенечкалар және басқа да «әшекейлер» бар.

XVIII ғасырдың аяғында Мехмед-паша Османагич салған Подгорицадағы Османагич мешіті. Бұл мешіт сондай-ақ Лукашевич мешіті деген атпен танымал (осы мешітке күтім жасаған нақ осы отбасы екен).

Қала орталығында көне Сахат-кула немесе Сағат мұнарасы бар, бұл құрылыс Подгорицаның көне нышандарының бірі болып табылады. Ол 1667 жылы салынған. Мұнараға қойылатын сағат арнайы жасалып, Италиядан жеткізілген. Ұзақ уақыт бұл сағат қаладағы жалғыз сағат болып қызмет атқарған. Сағат мұнарасының биіктігі 16 м. жетеді. 

Подгорица – өте контрастлы қала. Көне сағат мұнарасынан бірнеше метр ғана қашықтықта қоғамдық көлік аялдамасы бар және мүлдем қоршалмаған мынадай қоқыс төгетін аймағы да бар. Көпқабатты үйлердің көпшілігінің сырт көрінісі сұрғылт және мұңайған болып көрінеді. Жергілікті тұрғын үйлерге тән бір ортақ құбылыс – орталықтан жылыту жүйесінің жоқтығы, сондықтан зай мен көгерген қабырғалар әрбір пәтерде және үйдің сыртқы қабырғаларында бар деп айтуға болады.

Басқа бағытқа бірнеше қадам жасасаңыз – тағы да ескі қала көрінісі!

 

Ескі кафелердің бірі. Жергілікті халық осындай жерлерде тәулік бойы polako kafu ішіп, бір бірімен әңгімелескенді ұнатады. Жалпылай алғанда черногориялықтардың өмір салты баяу – бұл адамдар ешқайда асықпайды, олар осында және қазір деген ұранмен өмір сүреді. Бәлкім біз олардан ешқайда асықпауды үйренуіміз керек шығар.

Подгорицаның барлық жерінде сіздерге мынадай трансформерлер кездесуі мүмкін! Оларды жеті данамен Данила Балетич «Трансформерлер Подгорицаны қорғайды» (Transformersi čuvaju Podgoricu) деген жоба аясында жасаған, жобаның мақсаты – қалдықтарды еңбек пен шығармашылық арқылы өңдеп, қайта тірілту.

https://www.youtube.com/watch?v=KqsW7QLBXq4

Әрбір трансформердің биіктігі орташа есеппен 6 метр, салмағы – 2 тонна.

Бар шынымды айтсам, олар көңілде әртүрлі әсер қалдырады. Біз жетеудің үшеуін ғана кездестірдік.

Жергілікті коммуналдық қызмет жұмысшылары.

Қала көшелерінде кейде ерекше сипатты адамдар көрінеді.

Пошта бөлімшесі пальмалар мен жасыл желек арасында қалып қойған.

Черногорияның орталық банкі

Подгорицада Александр Пушкиннің және оның жұбайы Наталья Гончарованың ескерткіштері бар, олардың Мәскеу қалалық билігі өкілдері 2002 жылы сыйға тартқан. Мүсінші Александр Таратынов, Подгорицадағы Владимир Высоцкийдің ескерткішінің авторы да сол.

Үлкен су бұрқағы бар Республика алаңы. Осы алаңда мерекелік концерттік бағдарламалар, жиындар, жәрмеңкелер жиі өтіп тұрады.

Мінекі бір мерекелік шараға да дайындық жасалуда.

Қауіпсіздік мәселесіне келер болсақ бүкіл Черногориядағыдай өте нашар: құрылыс жұмыстары жүріп жатқанда, құрылыс материалдарын тиеу-түсіру кезінде, жар немесе құздар шетінде ешқандай қоршаулар жоқ, сондай-ақ тайғақ жолдар, жол үстіндегі жасанды бөгеттердің жоқтығы, жол жүру ережелерінің бұзылуы, көлік жүргізіп келе жатырып ұялы телефонмен сөйлесу және т.с.с…

Ескі шағын үйлер жаңа үрдіс, жаңа өзгерістермен қатар бірге өмір сүріп келеді.

Миллениум көпіріне апаратын аласа үйлері бар Иван Црноевич бульвары. Мұнда бірінші қабатты «приземле» дейді.

Мінекі осылайша кейбір адамдар приземледе өмір сүреді, мен тіпті мұны «жерде» өмір сүреді деп айтар едім, себебі бұл қабат жаяулар жүретін жол деңгейінен кем дегенде жарты метр төмен болады.

Морача өзені үстінен өтетін әйгілі Миллениум көпірі, бұл көпірдің екінші атауы Мыңжылдық көпірі. Подгорицаның нышандарының бірі болып табылады. Көпірдің ұзындығы – 140 метр. Көпір Младен Уличевичтің жобасы бойынша салынды, құрылыстың бюджеті 7 млн. евро болды. Көпір темір арқан мен биіктігі жер бетінен 57 метр болатын темір діңгектерден тұратын құрылыс 12 темір арқан және 24 теңшегіші бар. Мыңжылдық көпірі 2005 жылдың 13 шілдесінде ашылды, ол Иван Црноевич бульвары мен 13 шілде көшесін жалғастырып тұр.

Әртүрлі аулалар, кеңселер, дүкендерге апаратын төбесі жабылған кішкентай мини-көшелер Праганы еске салады.

Кафе мен мейрамханалардың жаздық алаңдарының мәселесі былай шешілген: жазғы алаңдар да орналасқан,,жаяу жүргіншілерге де ешкім кедергі жасамайды – жүріс алабымен айналып өтудің қажеті жоқ.

Подгорицаның қалалық кеңесі және әйгілі черногориялық жазушы және қолбасшы Марко Миляновтың ескерткіші (1833-1901).

Қаланың барлық жерлерінде екі дөңгелекті көлік тұрағы бар. Соған қарамастан көптеген адамдар велосипедтер жиі ұрланатынын айтады…

Құзға және тау бөктерлеріне салынған үйлер жиі кездеседі. Жергілікті халықты бұл састырмайтын көрінеді, топрақ жылжыса олар тіреулер қойып, түк болмағандай ары қарай өмірлерін жалғастыра береді. Қауіпсіздік мәселесіне мұнда расында да өте немқұрайды қарады, көптеген отбасылары көп балалы болғанына қарамастан. Балаларына қалай қарайтыны, балаларын қалай қадағалайтыны мен үшін әлі жұмбақ болып қала береді…

Морача өзені бойындаға қаланың ортасындағы саябақ (тағы да тау бөктерінде және қоршаусыз).

Қала орталығында орналасқан «Bufet Pod Volat» (мағынасы «арка астындағы буфет») атты сүйкімді әрі жайлы мейрамхана, біз осында жүрек жалғап алуды ұйғардық. Мұнда тоқтаған себебіміз, сол кезде көптеген жергілікті адамдар түскі тамақ ішіп отырды. Әдетте бұндай көрініс,мейрамханалар мен кафелердің жақсы екендігін көрсетеді және қала қонақтарына бағыт-бағдар береді. Нәтижесінде ішкі сезіміміз бізді алдамады.

Ас мәзірінің бір бетіндегі мәліметпен бөлісе кетейін, грилде пісірілген тағамдардың бағасымен. Тағамдардың бағалары қалта көтерерлік, ал тағамдардың порциясы өте үлкен екен. Бір тағамды бірнеше адамға алуға болады: осылайша көбірек тағам алдыруға болады исраф та болмайды екен. Айта кету керек, Черногория етті көп жейтін мемлекет болып саналады.

Бізге бос столды дереу тауып бере алмады – жазғы алаңдағы столдардың барлығында адамдар болды. Ішке кіргіміз келмеді, себебі ішінде темекі тартылған екен. Жалпы темекі тарту – Черногорияның жаман ауруы екен. Мұнда барлығы темекі тартады екен және әр жерде тарта береді екен… Фотосуреттерде даяшылардың күл салғыштарын көруге болады (осы мейрамханадағы даяшылардың барлығы ер адамдар): олар келермендерге келгенде темекілерін тұтатып, бір екі сорып, содан ары қарай тапсырыс қабылдауға кетіп жатты.

20 минуттан кейін бізге Selection of Mixed Meat (грилде пісірілген әртүрлі ет түрлері) деген үлкен тағамды алып келді, қуырылған картоппен және неге екені белгісіз пиязбен, сонымен бірге Mixed Salad атты салатпен (қырық қабат, қызанақ және қияр), екі кесе капучино кофесі, екі ыстық нан (өздерінде пісіріледі екен) және қызанақ соусын әкелді. Нәтижесінде біз даяшыға беретін сыйақымен қосқанда түскі ас үшін 13 евро қалдырып кеттік. Капучинодан басқасы өте керемет болды! Және де барлық келермендерге ең басында бір кесе су әкеліп береді екен. Даяшылар ағылшынша жақсы сөйлейді екен, ас мәзірін де бізге ағылшын тілінде әкелді.

Подгорица сапаржайы. Қайтарда біз электр қуатымен жүретін пойызбен қайтуды жөн көрдік. Осы жолы кешігіп қалмас үшін, сапаржайға ертерек келіп жеттік. Оң жағымызда сол біздің пойызымыз көрінеді.

Кафелер,алдында айтқанымдай Черногорияда кез келген жерде бар. Осы жерді алып қарасақ – дәл перронда. енді не дейсіз… Пойызды күтіп отырып kafu-ді де бір жерде ішу керек қой.

Ескі үлгідегі электропоездің іші осындай. Бірақ жаңалары да бар мұнда. Бағыңызға қарай сізге мүмкін ескі, мүмкін жаңа,пойыз беруі мүмкін. Бірақ жалпылай алған пойыздары сүйкімді әрі жайлы. Бірақ бір ыңғайсыздығы бар, егер сіз үлкен жүкпен сапар шексеңіз, оны қоятын жер болмайды пойыз ішінде, себебі вагон іші толған орындықтар, ал үстіне үлкен чемодан қоя алмайсыз. Адам аз кезде әрине бұл мәселе емес, ал егер қарбалас сәт болса, бұл қиыншылықтар туғызады.

Айтпақшы Қазақстан азаматтары үшін демалыс маусымында Черногорияға 30 күнге дейін мерзімге рұқсатнамасыз кіруге болады.

Бөліс
Sofia Kovryga
КОММЕНТАРИИ ()
Осталось символов: 1000