VOX POPULI Инесса Шлапак Чингиз Сайханов Роман Екимов 31 июля, 2014 12:28

Өзгерістерге апарар жол

Өзгерістерге апарар жол
Әлемді өзгерткісі келген үш адамның оқиғасы. Таңқаларлық жағдай, бірақ олар өз дегендеріне жетіп жатыр. Күнделікті бір қадам алға басып, таңдаған бағытынан қайтпайды. Біз осыған ұқсас жігерлендіретін оқиғаларды жиі жариялау қажет деп ойлаймыз. Ал сіз бүгін, кеше немесе жалпы қандай іске үлес қостыңыз?

Бірінші оқиға - қамқоршы әке туралы. Бұл кейіпкермен біз ірі халықаралық компанияда бірге жұмыс істедік. Тұрғанжан Қасымов маған бірден ұнады - мейірімді, ашық, адал адам. Уақыт өте келе біздің жолымыз екі айырылды: мен корпорациядан кетіп қалдым, ал биылғы жылдың басында Тұрғанжанның да жұмысын, табысты мансабын тастап, тұрғын үйлерге жиналатын пандус орнатумен айналыса бастағанын білдім. Мен үшін бұл күтпеген жаңалық болды!

Тұрғанжан екеуіміз кездескен кезде, оқиғаның неден басталғанын білдім. Барлығы оның жас отбасында тұңғыш баласы дүниеге келген кезден басталыпты. Олар сол кезде бес қабатты үйде тұрып жатты және оның жұбайы әдетте балалы әйелдердің барлығы кездесетін жағдайға тап болды: бір қолында бесік арба, екіншісінде - бала, уақыт өте келе осының салдарынан пайда болған бел ауруы мен баланы құлатып аламын деген қорқыныш. Осының бәрін жұбайы ертеден кешке дейін жұмыс істейтін Тұрғанжанға айтып шағымданса, ол "Бәрі де осылай тұрып жатыр ғой" деп айтқаннан басқа шарасы болмады.

Бірақ Тұрғанжан әрқашан өзінің тапқырлығымен ерекшеленетін. Оны бірге жұмыс істеген кездерде-ақ байқаған едім. Ол интернеттен бесік арбаға арналған пандусты өз қолымен жасау әдістерін іздей бастады. Ізденіс үстінде ол көрші Ресейде жиналатын пандустарды қолдану баяғыдан қолданысқа енгенін анықтады, біздің елде ол туралы әлі ешкім естіп-білмеген екен.

Біраз уақыт өткеннен кейін Тұрғанжан Өзгерістерге қадам жасау қорының әлеуметтік конкурсын көріп қалды. Ол осы конкурсқа қатысуды шешіп - бәрі басталып та кетті: барлық іріктеу кезеңдерінен өтіп, жеңімпаздардың бірі болды да, үш жылға дейін өзінің әлеуметтік идеясын дамыту үшін қаржы ұтып алды.

-Биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларында қормен келісім шарт жасап, бастапқы капиталсыз-ақ өз армандарыңның орындалуына мүмкіндік алуға болатынын түсіндім, және мен үйде отырып жұмыс істейтіндіктен, отбасыммен бірге көбірек уақыт өткізуге болады, - дейді Тұрғанжан.

Міне, осылай, ірі корпарацияның қызметкері әлеуметтік кәсіпкер болып шыға келді.

Қордың қаржыландыруы конкурстың жеңімпаздарына үш жыл бойы еңбегінің ақысын төлеуді және барлық бағыттағы қажетті мәліметпен қамтамасыз ету қарастырылған. Бірақ пандусты орнату үшін серіктестерді өз бетіңше табу керек болды.Өзінің корпоративті таныстығын пайдаланып, Тұрғанжан алғашқы 20 пандусты орнату үшін қаржы алды да, металл констукциялар жасайтын жақсы компания тауып, ісін бастап кетті. Пандустарды салатын бірінші үйлерді тұрғын үй инспекциясы ұсынды. Нәтижесінде, бұл жоба Алматыдағы Төле би көшесінің бойындағы Радостовцев көшесінен бастап, Айманов көшелеріне дейінгі аймақтағы тоғыз қабатты үйлердің барлығын қамтыды.

Ресейде пандустар үшін 1-1,5 миллиметрлік болатты қолданады, ал Тұрғанжанның бұл істегі бірінші тәжірибесі беті кедір-бұдырланған темірден жасалды. Бірақ кейін одан бас тартып, 4 миллиметрлік кедір-бұдыр алюминийді таңдады, оның қалыңдығы 130 кг салмақты көтере алады. Пандустарды бірден тек бесік арбалар үшін ғана емес, сондай-ақ, мүгедектерге арналған арба үшін де жасады. Пандустың әр жолы 20 см, бұл 90% бесік арбаға келетін өлшем.

-Жұмыс кезінде әрдайым түрлі жаңартулар еңгізіп отырдық - жолдарды кеңейту, нығайтқыштарды бекіту және тағы басқа. Әр үйге жекелей өлшем жасадық. Алғашқы пандусты жинаған кезде, үйдің тұрғындары біздің бірінші сынақ-тобымыз болды. Біз жұмысты бірге бағалап, жетпеген жерлерін ойластырып, құрылғыны қайта шешіп, қажетті нәтижеге жетпегенше жітілдіріп отырдық. Бір күні маған тұрғындардың бірі телефон шалып, ризашылығын білдірді. Ол бұның барлығын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істеп жатыр деп ойлапты, кейін менің әрбір пандусқа ілетін "әлеуметтік жоба" деген жазбамды көрген екен, - дейді Тұрғанжан.

Мен жаңадан пандус орнатылған үйдің тұрғындарының пікірін өз құлағыммен естігім келіп, бесік арбасы бар адамды іздей бастадым. Бізге немересін қыдыртып жүрген Елена Николаевна кездесті. Ол әлі бұл ғажайыптың не екенін түсінбесе де, тексеріп көруге бірден келісті.

Николай велосипедінде отырып, пандустан әжесінің көмегімен бірнеше рет түсіп, қайта көтерілді. Баланың қорқып отырған түріне қарамастан, оның жағдайы жақсы болғанына күмән келтірмеңіздер.

Бала тәжірибе жүргізген кезде зиян шекпеді, керісінше, риза болып қалды. Елена Николаевна немересінің маған жымия қарағанын байқап, Николай бір жас екі айлық жаста болса да, сүйкімді қыздарға қырындауды біледі дейді.

Осы тәжірибені өткізгеннен кейін, бірнеше күн өткен соң, алғашқы 20 пандустарды орнату жұмыстары аяқталды, Тұрғанжан осыған орай үйдің тұрғындарын, серіктестерін, журналистерді және тұрғын үй инспекциясын салтанатты көрсетілімге шақырды. Тәжірибе жүргізу үшін, оның бір жасар қызының бесік арбасына отырғызылған... қуыршақты отырғызды.

Алғашқы 20 пандустарды көрсетуге орай ұйымдастырылған кішігірім пресс-конференцияда Тұрғанжан тағы осы сияқты 25 пандусты орнатуға арналған грант алғанын айтты. Бірақ мені бизнестің мақсаты қызықтырды, өйткені жоба әлеуметтік болса да, гранттық бюджетпен барлық қазақстандық, тіпті алматылық үйлерді бұндай пандустармен қамтамасыз ете алмайсың.

Тұрғанжан:

-Менің мақсатым шағын және орта бизнеске арналған сыртқы пандустарды жасау негізінде қалыпты бизнес орнату. Кейін жеке клиенттерге барлық стандарттар бойынша пандустарды жасайтын бизнеске көшемін, өйткені бұл істің қыр-сырын үйреніп алдық. Мен жиналатын пандустарды орнату идеясы тек қана Алматы емес, бүкіл Қазақстанды қамтиды деп сенемін.

Vox Populi-де жас аналардың қиындықтары туралы репортаж болмағанымен, мүгедектердің қаладағы қиын жағдайлармен кездесуі туралы репортаж жарияланған болатын және осы жағдайға байланысты тағы да көп тақырыптар қозғалды. Сондықтан, осындай әлеуміттік топтар жайлы ойланатын адамдарға риза боласың. Айтпақшы, баспалдақ пен пандустың макетін Шонжы ауылының тұрғыны Александр Щербаков жасады, ол бала кезінен мүгедек. Бірақ, ол өзінің жағдайына қарамастан, кез-келген заттан керемет техника макеттерін жасайды және картина салуды ұнатады. Биыл Алматыда Александрдың жеке көрмесі өтті, Тұрғанжан Александрмен сонда танысып, осы макетке тапсырыс жасапты.

Екінші оқиға - ерекше балалар туралы. Ширек ғасыр бұрын "Жауын адамы" ("Человек дождя") атты фильм жарық көрді, кейін бұл сөз тіркесімен аутизм ауруына шалдыққан адамдарды атайтын болды. Біз аутист балалар туралы бірнеше рет жаздық, сонда да өз басынан өтпесе, бұл балалардың жағдайын ойлап, қоғамға қабылдай алатын адамдардың қатары аз.

Бұл әйелдер бірігіп "Ашық әлем" қоғамдық қорын ашты. Шілденің ортасында қорға төрт жыл толды. Олар құрған мекеменің басты мақсаты - Қазақстанда аутистік спектрі бұзылған балаларға тиімді көмек көрсету жүйесін құру. Осы кейіпкерлердің әрқайсысында аутизммен ауыратын бала бар.

Әлия Архарова:

-Менің үш балам бар: үлкен ұлым 11-де, кішісі 3-те және 9 жасар қызым бар. Баларымның үлкені, Әлжан, ғана ерекше бала. Ол аутизм ауруына шалдыққан, бірақ жоғары функционалды. Бұл ақылына зақым келмеген, тек социалды және коммуникациялық қабілеттері бұзылған дегенді білдіреді. Қазір оның зардаптарын жеңумен айналысып жүрміз. Ол кішкентай сәтсіздікке ұшыраса, қатты ашуланады. Мысалы, егер ол еденді жуып жатып, бір жерді сүртуді ұмытып кетсе, ашуланып кетеді, өйткені ол істеген ісінің бәрінің мінсіз болғанын қалайды. Осы ерекшілігі қалып қалды, бұл өзгере ме, жоқ па, білмеймін... Дегенмен, баларар өседі ғой.

Жанна Қаратайдың 5 баласы бар, екінші баласы аутизммен туылды:

-Менің балам 14-те, оның өсіп дамуы қатты артта қалып қойды, бірақ сөйлейді. Алғаш рет мен баламның ерекшеліктерін он айлық кезінде байқадым, ол кезде дәрігерлер мүлдем ештеңе айта алмады. Ол екі жасқа толғанда, дәрігерге көріндік, диагнозын анықтап, сол кезден бастап дамуымен айналыса бастадық. Балам 5 жасында алғашқы сөзін айтты, ал мектепке 9 жасынан барды. Бәріне айтарым: өзіңіздің болсын, бөтен болсын, балалардың мінез-құлқына, өзін-өзі ұстауына жете назар аударып, мән беріңіз. Егер баланың жағдайы сізді алаңдатса (көзге тіке қарамаса, атына жауап бермесе, басқа баларға қызықпаса), бірден дабыл соғу керек.

Қазір ол математиканы тереңдетіп оқитын кәдімгі мектепте оқиды, 8-ші сыныпқа көшті. Отбасында ұлыма деген көзқарас оның дамуымен бірге өзгерді. Оның қолынан келмейтін нәрсеге, біз қолдау көрсетіп, көмектесетінбіз. Қазір жыл сайын ол тәуір болып келеді, енді ол отбасындағы қалған балалармен бірдей. Басқаларына қойылған талаптар оған да қойылады, сонымен қатар, берілетін мүмкіндіктіктер де бірдей. Ол жүзумен, бокспен, музыкамен айналысады. Оған қолымнан келгенінше көмегімді аямаймын.

Әлияның үлкен ұлы жекеменшік мектепке оқуға барса да, белгілі бір келеңсіз жағдайлармен кездесті. Төртінші сыныпты ол жалпы білім беретін мектепте аяқтады, бірақ ол жерде де бәрі онша жақсы емес еді:

-Барлығы жекеменшік мектепте басталды. Мұғалім баламды мазақтапты, ал баламның сыныптастары директорға барып мұғалімдерінің айтқаны дұрыс емес дегенді айтуға барған. Бұл сыныпты басқа мұғалім оқытып жүрген, бірақ ол басқа мектепке ауысып кеткен. Сондықтан, бірінші-екінші сыныпта оқытқанның барлығы осындай нәтиже берді. Баламен дұрыс сөйлесуге көп нәрсе байланысты.

Диляра Сұлтаналиеваның үш баласы бар, ұлы - Әлжанмен қатарлас, ол да 11-де. Бірақ ол сөйлемейтін аутизмге шалдыққан және дамуы артта қалған:

-Қазір жағдайымыз жақсарып келеді, өйткені біз көп жаттығамыз. Біз оның ойлау қабілетінің қаншалықты дамығанын бағалай алмаймыз, өйткені ол сөйлемейді. Бірақ, үндеместік міндетті түрде артта қалудың белгісі емес. Мысал ретінде, сөйлемейтін Соня Шаталованы келтіруге болады, бірақ ол 9-10 жасында қолына қалам алғанда өлең жаза бастаған екен. 13 жасында оның алғашқы өлең жинақтары жарық көрді, ал қазір Соня 20 жасқа келіп қалды. Ол алғаш рет қолына қалам алып, жаза бастаған кезде, А4 қағазына тек бір сөз ғана сыятын және жазуы да түсініксіз еді, сонда да ол қатынасу жолын тапты.

Әлия:

-Заң бойынша, біз баламызды қайда оқытссақ та, өзіміз шешеміз. Бірақ жағдайға тереңірек үңілсек, аутизмге шалдыққан баланы кәдімгі мектепке жайдан-жай әкеле алмаймыз. Бала ол жерде өз бетімен жүре алмайды, өйткені оған жағдай жасалмаған: ережелер мен шарттар жазылмаған, көбінесе мұғалімдер бұндай баланы қалай оқыту керек екенін білмейді.

Сондықтан, барлығы баяғыдай орындалады - ерекше балаларды арнайы мектептерге жібереді, ал олардың ойлау деңгейлері ондай мектептерге сай келмейді. Мысалы, аутизмге шалдыққан баланың ойлау қабілеті жоғары, ал әлеуметтік және коммуникативті қабілеті нашар дамыған болуы мүмкін.

2011 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында инклюзивті білім беру жүйесі енгізілген, бұл бағдарлама негізінде барлығына бірдей, оның ішінде ерекше көңіл бөлуді қажет ететін балаларға, білім алу мүмкіндігі және олардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету қарастырылған. Былтыр осы бағдарламаның құрылымдық енгізілуін аналар Жанна, Әлия және Диляра (сонымен қатар, "Ашық Әлем" қорының құрылтайшылары) өз қолына алды. Олар балабақшамен және мектеппен тәжірибелік жобаны бастауға келісті - топтар мен сыныптарда аутизммен ауыратын балалар бәрімен бірге оқиды. Бұл жобаның басталғаны туралы Карла Нұр Vox Populi -де арнайы репортаж жариялаған болатын.

Әлия:

-Біз бұл жобаны мектепте бастаған кезде, ата-аналар ұжымы үшке бөлініп кетті: "қолдаймын", "қарсымын" және "ойланып көремін". Келесі күні балалар мектепке келіп, олармен бір сыныпта тістейтін, төбелесетін қорқынышты балалар оқитынын айтып келді...

Сонымен қатар, қордың ұйымдастырылуымен биылғы жылдың маусым айында Алматыда бірінші рет "Аутизм: балаларға арналған жаңа мүмкіндіктер" халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті, сол жерде мен Әлиямен, кейін Жанна мен Дилярамен де таныстым. Конференцияға түрлі мемлекеттерден келген баяндамашылар (АҚШ, Ұлыбритания, Үндістан), қазақстандық мамандар (дәрігерлер, педагогтар, психологтар, қоғамдық қызметкерлер) және аутист балалардың ата-аналары қатысты, барлығы 250 қатысушы.

Конференцияның нәтижесі бойынша қор резолюция дайындап, сонда барлық проблемалар мен олардың шешімі жазылды. Бұл құжат аутизмге қатысы бар барлық министрліктерге, қоғамдық және ғылыми ұймдарға жіберіледі.

Әлия:

-Егер бұл құжаттарға министрліктер қол қойып, бұйрық жазбаса, онда ешқандай күш пен ақша бізге жүйені өзгертуге көмектесе алмайды. Сондықтан, біз бірге жұмыс істеуіміз керек. Конференциядан кейін көптеген мемлекеттік ұйымдар бізге бет бұрып, бірлесіп жұмыс істеуге дайындығын білдіргені біздің команданы қатты қуантты.

Біз қоштасып жатқанда, Әлия соңында былай деп айтты:

-Бұндай ерекше балалар бірден балабақшаға барғаны дұрыс, өйткені балалар қоршаған ортаны сол уақытта тани бастайды. Егер олар айналасындағы басқа балалардың жүргенін көрсе, оны қалыпты жағдай ретінде қабылдап, солай болу керек деп түсінеді. Ал ата-аналар балаларын үйде тығып ұстап отырса, біз жаңа толерантты қоғам құра алмаймыз. Біз осы қағидаларды іс жүзінде іске асырмасақ, мейірімді және шыдамды болуды үйрететін лекциялардың көмегі тимейді.

Үшінші оқиғамыз күнделікті өміріміздегі шығармашылық пен әлемді жақсартуға деген ұмтылыс жайында. Қаладан қарапайым заттармен безендірілген әдеттегіден өзгеше аула мен бақшаларды көрген боларсыздар. Біздің үшінші кейіпкеріміз Алеся Нугаева бұл іске бар қиялын салып, балалардың ойын алаңдарын қоқыспен безендіруді ұйғарыпты.

Алеся (суретте сол жақта), арт-терапевт және психолог, Юлия Кубасова (суретте оң жақта) мен басқа әріптестерімен бірігіп төрт жылдан бері «ЭТО шығармашылық зертханасын» дамытып келеді. Бұл орталық ең алдымен балаларға арналған. Былтыр олар балалардың көмегімен қайталама шикізаттан салынатын «ЭТО-аулалар» жасау туралы ойға келеді.

Амбицияға толы аулалық жоба осылайша демеушілердің арқасында биыл көктемде басталып кетті. Амбицияға толы болатын себебі, оны жасаушы шығармашылық топтың болашақта адамдарды осындай істі өз беттерімен жалғастыруға ынталандырғысы келеді. Сөйтіп, тұрғындарды, ата-аналарды да, балаларын да өздері еңбектеніп, аулаларын өз күштерімен қалпына келтіруге, жылдап әкімдік, КСК немесе басқа ұйымдардың көмегін күтіп отырмауға үйретуді мақсат етеді.

«ЭТО-аулаларды» жасау үшін біз әдетте тастап үйренген заттар қолданылады. Ескі көлік шиналары, пластик бөтелкелер мен қақпақтар алтыбақанға, орындықтарға және сан түрлі ертегі кейіпкерлеріне айналады. Қосалқы құрал-жабдықтардың (бояу, шеге, арқан) шығыны сондай көп емес. Алғашқы боп Нұрмақов көшесіндегі №62 үйдің (Бөгенбай батыр көш. қиылысы) балалар алаңы жасалды. «ЭТО-ауланы» жасаушы топ пен үйдің тұрғындары күш жұмылдырып, ауланы екі аптада дайындап шықты. Алайда, үй тұрғындарының арасында қол ұшын берем деушілер көп болған жоқ.

Бірінші аула жасалғаннан кейін «ЭТО-аула» тобы келесі ауланы таңдау үшін байқау жариялады. Байқауға қатысушы аула тұрғындары үлкенді-кішілі боп өз балалар алаңының жобасын жасап шығуға тиіс болды. Нәтижесінде көрші аула жеңіске жетіп, арнайы сертификатпен марапатталды. Байқауға қатысқан басқа аулалар «ЭТО-ауладан» сыйға бір нысанның мысалында жасалған мастер-класс алды. Ұйымдастырушылар бұл қадамның аулалардың өз бетінше жайластырылуына бастама болады деген үмітте.

Біз көрші аулаға келсек, онда Алеся мен Юляны бір топ бала-шаға күтіп тұр екен. Кейбіреулері үлкендерін шақырып, болашақ ауланың жобасын тезірек талқылауға асықты.

Алеся:

– Бірінші аула жасалған кезде үй тұрғындары бізге көп қолдау көрсеткен жоқ, сондықтан жасалған объектілердің біразы тез-ақ жарамсыз болып қалды. Байқауды тұрғындардың назарын аудару үшін ұйымдастырдық. Егер бастамамызды көпшілік қолдаса, ешкім бұзып-қиратуға дейін бармас еді.

Алеся ата-аналармен жобаның майда-шүйдесін талқылағанша, балалар өзара болашақта қай концептіні көргілері келетіні жайлы таласып жатты, ал Юля болса ауланың өлшемдерін жасай бастады. Бірнеше аптадан соң бұнда бәрі басқаша болады.

Суретте Герман Чащин – ауласына бей-жай қарамайтын тұрғындар талқылап жүрген жеңімпаз жобаның авторы:

-Біз былтыр аула тұрғындарымен жиналып ауламызды көгертіп, жақсартайық деп шешкенбіз. Алғашында «Алматы аулалары» деген бағдарламаның бар екенін білген соң әкімдікке хат жаздық, бірақ олар бізге ауламыздың күйі жақсы, одан артық жағдай жасағымыз келсе өз қолымызда деп жауап берді. Ал жақында көрші ауланың қасынан өтіп бара жатып, өздері жасаған екен деп қызығып қалдым. Содан кейін осы жоба мен байқау туралы ақпаратты көрдім. Сөйтіп, өз ауламыздан біз де қатысуға өтініш жібердік.

Жылдың соңына дейін «ЭТО-аула» тобы онға жуық ауланы жаңартуды жоспарлап отыр. Бірақ бұл жобаның басты мақсаты – тұрғындарды оны іліп әкетіп, өздерін қоршаған заттарға тек қоқыс қана емес, шығармашылықпен айналысуға, өдерін көрсетуге деген мүмкіндік ретінде қарату.

Біздің кейіпкерлеріміздің жобаларының қоғамға әкелетін пайдасынан бөлек тағы бір ортақ тұсы бар: олар – былтыр «Навстречу переменам» қоры мен Теле2 Қазақстан мобильді операторының ұйымдастыруымен өткен бірінші әлеуметтік кәсіпкерлер сайысының жеңімпаздары.

Салтанат Мурзалинова-Яковлева, «Навстречу переменам» қорының Қазақстан бойынша өңірлік менеджері:

– «Навстречу переменам» қоры осымен екінші рет әлеуметтік кәсіпкерлер сайысын жариялап отыр. Былтыр ол Алматы шеңберінде ғана өтсе, биыл бүкіл Қазақстанды қамтиды. «Навстречу переменам» - Қазақстанда Tele2 компаниясы арқылы жұмыс істеп жатқан Investment AB Kennevik компаниясының корпоративтік қоры. Біз – әлеуметтік инвесторлармыз, жеңімпаздарымыздың әлеуметтік бизнесінен пайда көрмейміз. Керісінше, біз оларға әрдайым қаржылық және сараптық көмек көрсетіп, істері ілгерілеп жатса, тек қуанамыз. Біз әлеуметтік кәсіпкерлерімізбен үш жыл бойы байланыста боламыз, бұл уақыт ішінде оларға жақсы айлық жалақыға тең қаржы мөлшерін аударамыз. Кәсіпкер бұл ақшаны жобасына жұмсаймын десе де, өз қажеттеріне жұмсап, аяғына тұрып алған соң идеясын іске асыру үшін басқа қаржы көздерін іздеймін десе де, өз еркі. Сонымен қатар, жеңімпаздармен кез келген уақытта білімдерімен бөлісе алатын Tele2 компаниясының топ-менеджерлерінің жетекшілер тобы құрылды. Осындай компаниялардың бар болғанына өз басым қуанамын, өйткені компания қызметкерлерінің сайыскерлерге ісімен, ақыл-кеңесімен, тәжірибесімен қандай көмек көрсететінін әрдайым байқаймын. Әлеуметтік кәсіпкер үшін мұның маңызы зор, өйткені ол кейін сәтсіздікке ұшырамауға тиіс. Ол бизнесін өзі үшін ғана емес, қоғам үшін жасайды, кәсіпкердің осыны түсініп, қолдауға ие болуы аса маңызды.

Биыл да сайысқа бәрі қатыса алады. Ол үшін «Навстречу переменам» қорының сайтына кіріп, сұрақ-жауаптарды толық оқып шығып, немен айналысқыңыз келетінін түсініп алған соң, өтініш қалдыру керек. Сайыскерлерді іріктеу қызқты өтеді. Еріктілер оқулары деп аталатын бірінші сатыда басқа тілектес компаниялар өтініштердің кімдікі екенін білмей оқиды. Келесі саты – кабинеттік зерттеу. Бұл сатыда қатысушыларды өзімізге шақырып, танысып, әрқайсысының қаншалықты дайын екенін, өз ойын қалай жеткізетінін байқап, өз идеясына берік екеніне, берілмей соңына дейін жете алатынына көз жеткіземіз. Өтініште қатысушылар өздерін ұсынатын адамды көрсетуге тиіс, біз болсақ сол адамға хабарласып, қатысушы жайлы ойын сұраймыз, себебі шынайы әлеуметтік кәсіпкер боламын деген адам басқалармен тіл табыса білуі керек. Іріктеудің негізгі ерекшелігі – ол, әрине, балалардан құралған әділқазылар алқасы. Олар үміткерлерді сайыстың соңғы сатысында іріктейді. Қорымыздың борышы балаларға көмек көрсету болғандықтан, балаларға жобаның мәнін, қалай жүзеге асатынын түсіндіре алу қажет. Қатысушыларға дәл осыны істеуде үлкен сәттілік тілеймін!

Бөліс
Инесса Шлапак
Инесса Шлапак
КОММЕНТАРИИ ()
Осталось символов: 1000